Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру және инвестициялық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімдігінде өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтіп, аймаққа инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жобаларды тиімді сүйемелдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын барысында облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы сараланып, 2026 жылы іске асырылатын бастамалар мен 2025 жылғы халықаралық форум аясында шетелдік инвесторлармен жасалған келісімдердің орындалу барысы қаралды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығына тоқталып, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің жұмысы ең алдымен инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу көрсеткіштері арқылы бағаланатынын атап өтті. Өңір басшысы өндірістік алаңдарды қайта зерделеп, индустриалды аймақтарда жер алып, жобасын бастамаған инвесторлар бойынша нақты шара қабылдауды тапсырды. Пайдаланылмай жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып, өз ісін жүзеге асыруға дайын кәсіпкерлерге ұсынылатын болады. Сондай-ақ бірқатар жобалардың кешігу себептері талданып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

Жиында Ордабасы, Түлкібас, Созақ және Қазығұрт аудандарында «Саутс Ойл» ЖШС компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан ірі өндірістік жобалардың барысы таныстырылды. Олардың қатарында мұнай өңдеу зауытының І және ІІ кезеңдері, Састөбе инновациялық кешені, Өгем өзеніндегі гидроэлектр станциялары каскады бар су құбыры, фосфорит рудаларын өңдеу зауыты мен газ электр станциясының құрылысы бар. Компания өкілдері жобалардың іске асу кезеңдері мен алдағы жоспарларын баяндап, инфрақұрылымдық қолдау мәселелерін ортаға салды.

Сонымен қатар Түркістан қаласында «PSI Machinery» ЖШС тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар шығаратын зауыт құрылысын жүргізуде. Созақ ауданында «TAIQONYR QYSHQYL ZAUYTY» ЖШС күкірт қышқылын өндіру зауытын салуда. Сауран ауданында «ORZAX CENTRAL ASIA» ЖШС биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісін іске асыруда. Кентау қаласында «ККС» ЖШС газтурбиналық электр станциясын салу жобасын қолға алған. Бәйдібек ауданында «New Clean Energy» ЖШС жел электр станциясының құрылысын бастады. Ал Сауран ауданында «КазМунайГаз-Аэро» ЖШС JET A-1 маркалы авиаотынды қоса алғанда, жанар-жағармай материалдарын сақтайтын база құрылысын жоспарлап отыр. Аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуетін күшейтіп, жаңа өндірістердің ашылуына және жұмыс орындарының көбеюіне мүмкіндік береді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобаларға дайындық барысы пысықталды. Сайрам және Төлеби аудандарының әкімдері өз аумақтарындағы жобалардың жүзеге асу жоспарларын баяндап, инфрақұрылым тарту, жер телімдерін рәсімдеу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Облыс басшысы әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешуді, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар айқындалып, жобаларды сүйемелдеу жұмыстары күшейтілді.

Жалпы, өңірде инвестициялық ахуалдың оң динамикасы қалыптасқан. Былтыр облыс экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,1 трлн теңгесі – жеке инвестициялар. 2025 жылдың үшінші тоқсанында тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспар 3 есеге артығымен орындалды. Өткен жылы экономиканы әртараптандыру мақсатында 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Инвестициялық штаб отырысында көтерілген бастамалар мен нақты тапсырмалар Түркістан облысында өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйелі жұмыс пен тиімді қолдаудың нәтижесінде облыс инвестиция тарту бойынша көшбасшы аймақтардың бірі ретінде өз позициясын нығайта бермек.