Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауданның Көлтоған ауылының тұрғыны Алпамыс Тәңірбергенов 20 соттық жерге заманауи жылыжай кешенін салып, қызанақ өсірумен айналысуда. Бүгінде жылыжайда «Разия» және «Ғ1» сұрыптары егілген. Барлығы 6 мың түп көшет отырғызылып, әр түптен жылына екі рет 5 келіден өнім жиналады. Орташа есеппен қызанақтың бір келісі 500 теңгеден сатылып, негізгі өнім өткізу нарығы ретінде Шымкент қаласына жөнелтіледі. Жобаның жалпы инвестициялық құны 9 миллион теңгеден асады.

Жылыжай кешенінің басты ерекшелігі – қызанақты тозаңдандыру жұмыстары табиғи жолмен жүзеге асырылады. Бұл мақсатта Голландиядан арнайы әкелінген «ВЕ Смарт Шмель» аралары пайдаланылады. 20 соттық жылыжайда 50 ара гүлдерді тиімді тозаңдандырып, әрбір гүлге қолмен немесе химиялық препараттармен әсер ету қажеттілігін жояды. Мұндай тәсіл өнім сапасын арттырып қана қоймай, тұрақты әрі жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Маусым барысында жылыжайды жылыту үшін шамамен 80 тонна көмір пайдаланылады.

Көлтоған ауылындағы тағы бір табысты жоба – болгар бұрышын өсіру бағытында жүзеге асырылуда. Кәсіпкер Нұрсұлтан Сұлтанқұлов 25 соттық жылыжайда «ТОПГИР» сұрпын өсіруде. Аталған сұрып жылыжай жағдайы сақталған жағдайда бірнеше жыл қатарынан жыл бойы өнім беруге қабілетті. Шаруашылық аумағында 9 600 түп бұрыш отырғызылған. Әр түптен айына орта есеппен 2 келі өнім алынады.

Кәсіпорында 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ай сайын 2,5 тоннаға дейін өнім өндіріліп, шығындарды есептегенде кәсіпкер шамамен 2 миллион теңге көлемінде таза табыс табуда.

Жылыжай шаруашылығын дамыту бағытындағы мұндай жобалар өңірде агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.