ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ТИІМДІ ІСКЕ АСЫРУ ТЕТІКТЕРІ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

0
25

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек құрылыс саласындағы жетекші компаниялардың бірінің өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында өңір аумағында жүзеге асырылуы мүмкін жаңа жобалар, оларды қаржыландыру тетіктері және тиімді іске асыру жолдары жан-жақты талқыланды.
Кездесуде ЕРС-F механизмі, яғни іске қосуға толық дайын нысанды ұсыну және қаржыландырудың тиімді моделін қолдану тәсілдері кеңінен таныстырылды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу бағытындағы бастамаларға басымдық берілді. Жаңа тәсілдер құрылыс мерзімін қысқартуға, сапаны арттыруға және бюджетке түсетін жүктемені оңтайландыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында бизнес өкілдерімен әріптестікті нығайту маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа механизмдер инфрақұрылымды жаңғыртып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар жобаларды жедел әрі тиімді жүзеге асыру – басты басымдықтардың бірі екені айтылды.
Компания өкілдері жаңа нысандар салу, қолданыстағы ғимараттарға күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктері туралы баяндап, жұмыс алгоритмін таныстырды. Қаржыны кезең-кезеңімен өтеу жолдары, құжаттамадағы тәуекелдерді азайту және бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. Сондай-ақ өңірде ІТ hub жобасын іске асыру бойынша ұсыныстар таныстырылды.
Жиынға облыстың салалық басқарма басшылары қатысып, ұсынылған бастамалар бойынша өзекті сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Әр жоба бойынша нақты қадамдар айқындалып, іске асыру мерзімдері нақтыланды. Алдағы уақытта бастамалар жан-жақты зерделеніп, өңір қажеттілігіне сәйкес тиісті ұсыныстар енгізілетін болады.