Меруерт Өтекешова Түркістанға келді

0
26

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Меруерт Өтекешова Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді. Қазақ өнерінің жарық жұлдызы өңірдегі маңызды мәдени-танымдық іс-шараға қатысып, жұртшылықпен кездесті.
Өнер қайраткері «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум аясында ұйымдастырылған екі кезеңнен тұратын AI Хакатонның салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақ ретінде қатысты.
Іс-шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өнер иесін 75 жас мерейтойымен құттықтап, өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің арнайы құттықтау хатын оқып берді. Кеш барысында актрисаға ерекше құрмет көрсетіліп, «Конгресс Холл» өнерпаздары мерекелік бағдарлама ұсынды.
Сапар аясында Меруерт Өтекешова кешеннің шығармашылық ұжымымен арнайы кездесіп, өнер жолындағы мол тәжірибесімен бөлісті. Жастарға тағылымды ой айтып, театр мен кино саласындағы кәсіби шеберлік, сахна мәдениеті және өнерге адалдық туралы әсерлі әңгіме өрбітті.

Биыл театр және кино әртісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова 75 жасқа толып отыр. Ол 1968 жылы Алматы қаласындағы №66 мектепті тәмамдағаннан кейін «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлге шақырту алып, қазақ кино өнерінде жарқын із қалдырды.
1969–1973 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институты театр факультетінде білім алып, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның класын тәмамдады.
Еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында жалғастырып, алғашқы рөлін Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша сахналанған «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман бейнесі арқылы сомдады.
Ал қазақ қыздарының мәңгілік символына айналған «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек образы оның шығармашылық ғұмырындағы ең биік белестердің біріне айналды. Өнердегі елеулі еңбегі үшін актриса «Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі» атағын иеленіп, ҚР мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияға ие болды, «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталды.
Меруерт Өтекешованың Түркістанға сапары – өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Өнер иесінің өнегелі жолы мен шығармашылық тәжірибесі жас буынға рухани серпін беріп, ұлттық өнердің дамуына жаңа серпін қоса беретіні сөзсіз.