Мәжілісте AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасында қоғамда кең талқыланып жатқан жекелеген баптарға қатысты түсіндірме берді.
Депутаттың айтуынша, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап өңірлерді аралап, қоғамның түрлі топтарымен жаңа Конституция жобасын талқылаған. Коалиция мүшелері тоғыз өңірде мыңдаған кездесу өткізген. Асхат Аймағамбетов те коалиция құрамында бірнеше өңірде болып, халықпен жүздескен.
Оның сөзінше, соңғы жеті жылда еліміз іргелі әрі маңызды өзгерістер кезеңін бастан өткерді. Президент бастамасымен төрт саяси реформалар пакеті жүзеге асырылып, 2022 жылғы конституциялық реформаның маңызы ерекше болды. Сонымен қатар, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі мен жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттің басты құжатын қайта қарауды өзекті еткен.
Депутат былтыр қолданыстағы Конституцияның 30 жылдығы аталып өткенін еске сала отырып, осы уақыт аралығында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Ата заңды жаңаша пайымдауға негіз болғанын айтты.
Кездесулер барысында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызмет көрсету тақырыбы.
Асхат Аймағамбетов кейбір азаматтар арасында «білім алу мен медициналық көмек тек ақылы болады» деген жалған ақпарат тарап жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан әлеуметтік мемлекет болып қала береді және бұл қағида Жаңа Конституция жобасында нақты бекітілген.
Мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Сонымен қатар, Ата заңның 1-бабында мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айқын көрсетілген. Жаңа жобада да білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің ақысыз көрсетілетіні нақты жазылған.
Депутаттың пікірінше, бұл нормалар әлеуметтік кепілдіктерді қысқартуға емес, керісінше, оларды заманауи әрі нақты түрде бекітуге бағытталған.
Асхат Аймағамбетов қолданыстағы Конституциядағы «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген тіркесті алып тастауды дұрыс шешім деп бағалады. Бүгінде мемлекеттік грант иегерлері тек мемлекеттік емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында да тегін білім ала алады. Бұл білім беру саласындағы бәсекелестікті арттырып, талапкерлерге кең мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы қағидаты нақты бекітілген. Сонымен қатар, сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара жігі айқын ажыратылған. Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты пікір білдіруге болады. Алайда ешкімнің ар-намысы мен абыройын кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Бұл қағидалар қолданыстағы заңнамада да бар.
Сондай-ақ депутат арнайы құқықтық режимдерді Конституция деңгейінде бекіту экономикалық егемендікті күшейтуге бағытталған қадам екенін атап өтті. Мұндай режимдер инвесторларға заманауи жұмыс орындарын ашу, көлік желісін дамыту және инженерлік инфрақұрылым салу міндетін жүктейді. Бұл өз кезегінде өңірлердегі халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Арнайы режим ірі әрі ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларға техникалық кепілдік болмақ.
Сөз соңында Асхат Аймағамбетов Жаңа Конституция жобасы заман талабына сай әзірленгенін және қоғамның прогрессивті сұранысына жауап беретінін айтты. Құжатта халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қарастырылған.
Ол референдумға аз уақыт қалғанын еске салып, өңірлерде халықпен кездесіп жүрген әріптестерін азаматтарды толғандыратын мәселелер бойынша жан-жақты ақпарат беруге шақырды.
