Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға артып, 919 мың гектарға жеткізілмек. Оның 536 мың гектары жаздық дақылдарға, 208 мың гектары күздік егіске, 175 мың гектары ескі жоңышқаға тиесілі.
Көктемгі дала жұмыстарының барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне жұмыстарды сапалы үйлестіруді тапсырып, барлық мәселе жіті бақылауда екенін атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген индикаторлар уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс. Мемлекеттік қолдау бар, енді жұмысты қарқынды атқару қажет. Диқандарға берілетін жеңілдіктерді кеңінен түсіндіріп, қаржы институттары бөлінген қаражатты талапқа сай үйлестіруі керек. Су үнемдеу технологияларын енгізу мерзімінде жүзеге асырылсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев өңірдегі дайындық деңгейі туралы баяндады.
Биыл егіс құрылымын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, мақта алқабы 17 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектарға жетті. Жүгері көлемі 15 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарды құрайды. Мақсары алқабы 16 мың гектарға көбейіп, 85,4 мың гектарға орналастырылады. Ал су шығынын азайту мақсатында күріш 7 мың гектарға қысқартылды. Ауыспалы егіс талаптарына сәйкес бидай көлемі 25 мың гектарға азайтылып, 216,3 мың гектар болады.
Қазіргі таңда облыс бойынша жер жырту жұмыстарының 82 пайызы, сор шаю жұмыстарының 52 пайызы орындалған. Оңтүстік аудандарда ерте пісетін көкөніс пен картоп дақылдарын егу қарқынды жүргізілуде. Жоспарланған 18,2 мың гектар ерте пісетін көкөністің 7 мың гектарына көшет отырғызылды. Бұл ішкі нарықты ерте маусымда отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін 52,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Айлар бойынша нақты көлемдер белгіленіп, өңірлік операторлар анықталған. Баға бекітілгеннен кейін бес күн ішінде шаруаларға жеткізу басталады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыс бойынша 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыш жеткізу бойынша отандық өндірушілермен келісім жасалды. Атап айтқанда, ҚазАзот 48,2 мың тонна, Қазфосфат 23 мың тонна тыңайтқыш жеткізеді. Қазіргі уақытта облыс қоймаларында 25 мың тонна минералды тыңайтқыш бар. Облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаралып, 134 мың тонна тыңайтқышты субсидиялау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Аванстық субсидиялау тетігі бойынша өтінім қабылдау басталды.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы 36,8 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге 8,4 млрд теңгеге өтінім мақұлданып, 7,2 млрд теңгеге 321 жоба қаржыландырылды. Қосымша 15 млрд теңгеге екінші траншқа өтінім берілген.
162 мың гектар мақта алқабын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін 4,7 мың тонна мақта шиті қажет. Қазіргі уақытта жергілікті шаруашылықтарда 1,6 мың тонна жоғары репродукциялық шит дайын, қосымша 3,1 мың тонна импортталады. Биыл мақта шитін субсидиялау нормативтері 1,5–2 есеге ұлғайтылып, отандық және шетелдік тұқымдарға бөлек норматив белгіленді.
Облыста көктемгі дала жұмыстарына 37,4 мың бірлік техника дайын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 16 мың трактор, 3 мың соқа, 1 мың қопсытқыш, 4 мың дәнсепкіш және 14 мың тырма бар. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде өткен жылы 1 872 техника сатып алынып, жаңарту үлесі 9,2 пайызға жетті. Биыл 2 029 техника сатып алу жоспарлануда. ҚазАгроҚаржы тарапынан 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 19 млрд теңге бөлінді.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету үшін 3,8 млрд текше метр лимит бекітілді. Облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды. Қазіргі таңда оның 6,5 млрд текше метрі немесе 76 пайызы толған. Вегетациялық маусым басталғанға дейін су көлемін толық жинақтауға мүмкіндік бар.
Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша республикалық жоспар 27 мың гектарды құраса, облыс бұл көрсеткішті 50 мың гектарға дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта 20,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілуде.
Жалпы, өңірде көктемгі дала жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып, қажетті жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, қаржыландыру және техникамен қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.




