Түркістан облысы аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары тұрақты бақылауда. Бұл туралы өңірлік брифингте Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Тамерлан Нұрланов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, биыл жыл басынан бері облыста 37 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт салдарынан қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Ал келтірілген материалдық шығын көлемі 160 млн 760 мың теңгені құрады. Өрттердің басым бөлігі тұрғын үйлер мен автокөлік құралдарында орын алған.
2026 жылдың басынан бері газбен уланудың 3 дерегі тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алған. Мемлекеттік өрт бақылау саласында өңір бойынша 51 708 нысан есепке алынған. Биыл осы нысандарда 31 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 105 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралған. Оның ішінде 91 тұлғаға ескерту берілсе, 32 тұлғаға айыппұл салынған.
Облыс аумағында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың 34 197 тұрғын үйі тіркелген. Соның ішінде 6 288 үйге табиғи газ ақауын анықтайтын құрылғылар, 2 057 үйге түтіндік өрт хабарлағыштары орнатылған.
Баспасөз жиынында сондай-ақ Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Қырықбай көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қазіргі таңда облыс аумағындағы су қоймаларының орташа толу деңгейі 71 пайызды құрайды. Өзендердегі су деңгейі орта көрсеткіштен төмен. Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 1 064 жеке құрам, 124 техника, 11 жүзу құралы, 92 су сорғыш құрал және 44 эвакуациялық техника дайындыққа келтірілген.
Сонымен қатар, 45 мың дана қап пен 5 920 тонна инертті материал әзірленген. Төтенше жағдай қаупі туындаған жағдайда ыстық тамақ және тұрмыстық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлермен 109 меморандум жасалып, 432 тонна жанар-жағармай қоры дайындалған.
Жалпы, өңірде өрт қауіпсіздігін сақтау және көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, жағдай тұрақты бақылауда.
