Барлық іс-шаралар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізілуде. Ақпараттық материалдарда міндетті деректемелер көрсетілген және олар белгіленген мерзімдерде таратылуда.Еліміздің өңірлерінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жұмысы жалғасуда. Ақпараттық-түсіндіру науқаны белсенді кезеңге өтті: еңбек ұжымдарымен, білім, ғылым және жастар өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, баспа материалдары таратылуда, ашық диалог алаңдары өткізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары Ерболат Сатыбалды мен Асылбек Нұралиннің, сондай-ақ Коалицияның өңірлік филиалының төрағасы Бауыржан Шыңғысовтың қатысуымен Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар басқармасы алаңында кездесу өтті.Кездесу барысында қатысушыларға Конституцияның негізгі баптары мен енгізілетін өзгерістер таныстырылып, олардың құқықтық және институционалдық салдары түсіндірілді. Азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Абай облысында колледж директорлары қауымдастығы мүшелерімен өткен диалог алаңы конституциялық өзгерістердің білім беру жүйесін дамытудағы рөліне арналды. Талқылау барысында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы нормативтік өзгерістер, маман даярлау, колледждердің еңбек нарығымен ықпалдасуы және басқару үдерістерін цифрландыру мәселелері қарастырылды. Білім беру саласының өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға қатысуға дайын екендерін жеткізді.
Сайрам ауданында Коалиция мүшелері «Айдинов» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде конституциялық жаңғырту үдерісі қоғамдық сұраныс пен заманауи сын-қатерлерді ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.
Коалиция мүшелерінің айтуынша, реформалардың басты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында есеп беретін, тиімді әрі ашық басқару жүйесін қалыптастыру және азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған тетіктерді күшейту. Бұл – ел дамуының алдағы бағытын айқындайтын тарихи кезең екені ерекше атап өтілді. Еңбек ұжымы өкілдері азаматтық жауапкершілік танытып, референдумға қатысуға ниетті екендерін жеткізді.
Алматы қаласында ғылыми қауымдастық, жастар ұйымдары және еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулер өтуде. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті алаңында азаматтық жауапкершілік және қоғамның мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатысуы мәселелері талқыланды.
Түсіндіру іс-шаралары «Сталь Сервис» компаниясында және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» активі алаңында да өтті. Қатысушылар азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Шымкент қаласында түсіндіру іс-шараларының сериясын «AMANAT» партиясының қалалық филиалының төрағасы, коалицияның қалалық филиалының жетекшісі Мұрат Жолдыхожаевтың басшылығымен жұмыс тобы өткізді.
