Түркістан облысында қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі талқыланды

0
9

Мемлекет басшысының қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйіне арналған штаб отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев төрағалық етті.
Апталық штаб отырысына аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары және жауапты құрылым өкілдері қатысты. Күн тәртібінде өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың қазіргі жағдайы, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары қаралды.
Жиында ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, қойылған сауалдарға жауаптар берілді.
Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының ұлттық бірегейлік пен қоғамдық бірлікті нығайту жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, өңірдегі ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштеріне жедел әрі тиімді әрекет ету, әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістіктегі ахуалды жүйелі түрде саралап отыру қажеттігін жеткізді.

Бұдан бөлек, алдағы референдумға байланысты халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, ақпараттық-насихаттық іс-шараларды күшейту міндеті қойылды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың уақтылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.