Жиын барысында денсаулық сақтау саласының қоғам үшін стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды. Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы Түркістан облысына сапармен барып, облыс тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Оның барысында жаңа Ата Заң жобасы түсіндіріліп, оның құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай жаңғыртудың маңызы айтылды
Коалиция мүшелерінің қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Бекарыс Шойбеков, Ержан Қосмамбетов, Мырзахан Манапов, Ғани Райымбеков және Нұржан Сейтжанов болды. Олар алдымен Ордабасы аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында денсаулық сақтау саласының қоғам үшін стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков конституциялық нормаларға сәйкес, азаматтардың еңбегін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қауіпсіз еңбек ортасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір білдірді.
«Адал еңбекке құрмет көрсету, кәсіби мамандардың мәртебесін арттыру – жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі. Мемлекет басшысы жариялаған әлеуметтік мемлекет қағидаты аясында халықтың әл-ауқатын арттыруға, ана мен бала денсаулығын қорғауға, профилактикалық медицинаны дамытуға, заманауи технологиялар мен цифрландыруды енгізуге баса мән берілуде. Осы міндеттерді табысты іске асыру үшін сапалы құқықтық нормалар қажет. Конституция осы басымдықтарды іске асыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Келесі кездесу «Бөрте милка» ЖШС-нің базасында өтті. Коалиция мүшелері сүт фермасының жұмысшыларымен және аграрлық сала өкілдерімен елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың негізгі бағыттары мен оның ауыл шаруашылығы саласына берер мүмкіндіктерін кеңінен талқылады.
