Көрші елмен шекаралас, халық тығыз орналасқан Сарыағаш ауданындағы қалалық орталық кітапханада «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жаңа конституциялық реформалардың мән-маңызын түсіндіру және қоғам өкілдерімен ашық пікір алмасу болды.
Жиынға конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, азаматтық қоғам мен ғылыми қауымдастық өкілдері, заңгерлер мен зиялы қауым қатысты. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев модерациялап, Конституция мемлекеттің құқықтық, саяси және қоғамдық өмірінің берік негізі екенін атап өтті.
Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, еліміздің одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалайтынын жеткізді. Сондай-ақ жаңа Конституция ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін жаңғыртып, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшуге жол ашатынын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында Түркістан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Бәйділдә Жылқышиев жаңа Конституция жобасы кең ауқымды қоғамдық талқылаудан өткенін және азаматтардың ұсыныстары негізінде әзірленгенін айтты.
Облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Қамбаров құқық үстемдігі қағидатының күшейтілгеніне, адам құқықтарын қорғау мен сот жүйесінің тәуелсіздігіне ерекше назар аударылғанына тоқталды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті профессоры Бекжігіт Сердәлі жаңа Конституцияның ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын атап өтті. Ал Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Сәлімов құжатта жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға басымдық берілгенін жеткізді.
Жиын барысында жаңа Конституцияның институционалдық реформаларға берік негіз болатыны, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыратыны айтылды. Ашық пікір алмасу алаңында қатысушылар өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, биыл 11 ақпанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» №1170 Жарлығы жарияланды. Он екі отырыстың нәтижесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленді. Құжат мәтіні азаматтар мен сарапшылардың өткен жылдың қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдары арқылы жолдаған ұсыныстары негізінде дайындалды. Сондай-ақ Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жинақтаған тәсілдер де ескерілді.
Егер 1995 жылғы Конституция 9 бөлім, 99 баптан тұрса, Жаңа Конституция жобасы 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады.
Мазмұнды форматта өткен дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар Жаңа прогрессивті Конституция ел бірлігі мен тұрақты дамудың берік іргетасы болатынына сенім білдірді.
