ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНДА ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ СҮЙЕМЕЛДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен «Инвестициялық климат – дамудың басты құралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды тиімді сүйемелдеу мәселелері кеңінен қаралды.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшерев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, облыстық соттың төрағасы Айдос Сұлтанов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Сонымен қатар бейнебайланыс арқылы ҚР Бас прокуратурасының 3-қызмет бастығының орынбасары Ризат Смағұлов, мемлекеттік органдар өкілдері, инвесторлар, аудан прокурорлары мен әкімдері қосылды.
Дөңгелек үстелде инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын әкімшілік және құқықтық кедергілер, прокуратура мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды.
Өз сөзінде облыс әкімі Нұралхан Көшерев Мемлекет басшысының жаңа инвестициялық кезеңді бастау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде экономиканы әртараптандыру, азаматтардың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі саналады. Инвесторлардың құқықтары мен қауіпсіздігі менің жеке бақылауымда. Әрбір инвестициялық жоба әкімдік тарапынан «бір терезе» қағидаты негізінде сүйемелденуде. 2025 жылы өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,4 трлн теңге – жеке инвестициялар. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспар үш есеге жуық орындалды. Өткен жылы 339 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 340 тұрақты жұмыс орны ашылды. 2026 жылы 444 млрд теңгеге 66 жобаны жүзеге асырып, 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Біздің міндетіміз – қауіпсіз әрі ашық инвестициялық ортаны қалыптастыру, – деді аймақ басшысы.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1 трлн 745 млрд теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 121,6%-ға орындалды. 2026 жылға бекітілген инвестиция тарту индикаторы – 1 трлн 720 млрд теңге. Ал 2026 жылға тікелей шетелдік инвестициялар тарту жоспары 499 млн АҚШ доллары көлемінде белгіленген.
Инвесторлардың мәселелерін жедел шешу мақсатында облыс әкімінің төрағалығымен тұрақты түрде инвестициялық штаб отырыстары өткізіледі. Онда әр инвестормен жеке кездесулер ұйымдастырылып, жобалардың жүзеге асу барысы мен туындаған түйткілдер талқыланады. Сонымен қатар «Инвест-Керуен» көшпелі кеңестері, шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері бойынша семинарлар өткізіліп келеді. Фронт-офис инвесторларға аналитикалық, консультациялық, көші-қон және әкімшілік қолдау көрсетеді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғауда прокуратура органдары «прокурорлық сүзгі» тетігін жүйелі түрде қолдануда. Өткен жылы осы механизм арқылы 41 заңсыз әкімшілік істі келісуден бас тартылып, 12 инвесторға қатысты негізсіз тексерулер тоқтатылды. Соңғы екі жылда мемлекеттік органдардың 300-ге жуық шешімі зерделеніп, нәтижесінде 62 әкімшілік істі қозғаудан және 21 тексеруді тағайындаудан бас тартылған.
2024 жылдан бері прокуратура бастамасымен өткізілген «Инвест-Караван» акциялары аясында 60 көшпелі іс-шара ұйымдастырылып, 150 инвестормен тікелей кездесу өткізілді. Нәтижесінде 42 инвесткейстің мәселесі оң шешімін тапты.
Жиын қорытындысында инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету, инвесторларды қолдау қағидатын сақтау және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатыны атап өтілді.

Танымал жаңалықтар

Жаңалықтар

Түркістан облысында жаңа Конституцияны қолдауға арналған заманауи мурал пайда болды

Сарыағаш қаласындағы Әйтеке би көшесі бойындағы тұрғын үйдің қасбетіне...

ТҮРКІСТАНДА РЕФЕРЕНДУМҒА ДАЙЫНДЫҚ: ШАҚЫРУ ҚАҒАЗДАРЫ ТАРАТЫЛУДА

Түркістан облысында учаскелік референдум комиссиялары 2026 жылғы 15 наурызда...

Партияаралық диалог: Жаңа Конституция тікелей эфирде талқыланды

28 ақпанда Астанада жаңа Конституция жобасына арналған партияаралық диалог...

ҚАЗАҚСТАН – ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ, ЗАЙЫРЛЫ, ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТ

Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет....