Түркістан облысы Отырар ауданында қазақтың даңқты балуаны, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 155 жыл толуына орай мектеп жасындағы ұлдар мен қыздар арасында қазақ күресінен облыстық ашық турнир ұйымдастырылды.
Дәстүрлі ұлттық спортты дәріптеуді мақсат еткен байрақты бәсекеге Астана және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарынан келген барлығы 750 спортшы қатысты. Бұл — жас балуандардың шеберлігін шыңдап, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берген ауқымды спорттық шара болды.
Турнирдің ашылу салтанатына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен спорт саласының ардагері Төрәділ Тұрабаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде Қажымұқан Мұңайтпасовтың спорттағы ерен еңбегі мен тарихи тұлғасын ерекше атап өтіп, ұлттық спортты дамыту – жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдық пен төзімділікке тәрбиелеудің маңызды құралы екенін жеткізді.
Екі күнге созылған тартысты бәсеке жоғары деңгейде өтті. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Отырар ауданы І және ІІ орындарды иеленсе, Кентау қаласының командасы ІІІ орынға тұрақтады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қажымұқан Мұңайтпасовтың асқақ рухына арналған бұл турнир ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, жас балуандарға үлкен мотивация сыйлады.
