Түркістан облысында мақта кластерін дамыту басты назарда

128

Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға басымдық берілетін болады.
Өңірімізде шитті мақтаны тек қана сатып қана қоймай, мақта талшығын қайта өңдеуге күш салынатын болады. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналатын болады.
Осы саладағы өзекті мәселелер өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер – Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалардың кездесуінде талқыланды. Шаруалар мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Мақта өсіріп, оны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалады.
— Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы — заңдылық. Бұл тұста Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды, — деді ҚР Премьер – Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
— Біздің өңірімізде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы индустриалды аймақта мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. Өңірлік бағдарлама қабылданып, осы бағыттағы жұмыстарға күш саламыз. Өйткені жеңіл өнеркәсіпті арттыру жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік береді. Мақта кластерін дамыту бойынша да жұмыс атқарылады, — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді. Елде мақта талшығын терең өңдейтін тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан облыста өндірілген мақта талшығының небәрі 15 % ғана қайта өңделеді.
Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін алдағы 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу көзделуде. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.
Қазіргі таңда, жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаларды мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде ҚР АШМ ұсыныс енгізілді.
ҚР Премьер – Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған делегацияға Түркістан облысында жүзеге асатын бірнеше ірі жобалар таныстырылды.
Соның бірі – Түркістан облысында тәулігіне 2500 тонна томат өндіретін кәсіпорын мен сағатына 10 мың шикізат шығаратын мұздатылған кептіру қондырғысы бар зауыт пен жеміс – көкөніс комбинатын салу жұмыстары бастамақ. Жоба құны 25,5 млрд. теңге тұратын алып өндіріс кешені Шардара ауданында орналасады. 2027 жылы құрылысы аяқталатын тамақ өнеркәсібінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынады. 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы артатын болады. Мақтааралдағы индустриялды аймақта сондай-ақ, тәулігіне 32 мың шұлық, 500 костюм тігілетін өндіріс орны ашылады.

Advertisements