Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасы әзірленді
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Онда ауыл шаруашылығы саласын негізгі 6 бағытты дамытуға басымдылық берілді. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.
Түркістанда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, инвесторлар мен ғалымдар қатысқан жиын өтті. Кеңесте жобаның тұжырымдамалары жан жақты талқыланды.
Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы агроөнеркәсіптік кешенді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге мүмкіндік береді.
2023 жылға арналған 37 даму көрсеткіштері бекітілді. Атап айтқанда, егіс көлемін 860 мың гектарға, бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы 9303 гектарға жеткізу көзделген.
Қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу жоспарланды. Су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 39,2 мың гектарға жеткізу, жаңадан 665 гектарға қарқынды бау, 120 гектарға жүзім отырғызылады. Сақтау қуаттылықтарын қосымша 29,3 мың тн. арттыру, 1346 бірлік а/ш техникаларын алу жоспарланды. Жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаға жеміс-көкөніс өңдеу, 17 мың тоннаға ет өңдеу, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындары ашылады. 1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңы, 200 бастан жоғары 4 сүт фермасы іске қосылады. 4 ірі құс фермасы мен жалпы 270 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу көзделген.
Биыл Түркістан облысында 4 тоқыма, тігін және 6 жүн, тері өңдеу кәсіпорындары ашылады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 млрд. теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 трлн. 127 млрд. теңгеге жеткізіледі.